Желаем удачи. Қазақстанды әлемге паш еткен лицейліктер - 27 Июля 2011 - Сообщество учеников КТЛ.
Главная » 2011 » Июль » 27 » Қазақстанды әлемге паш еткен лицейліктер
20:26
Қазақстанды әлемге паш еткен лицейліктер
Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде білім саласына көптеген өзгерістер енгізілді. Әлі күнге дейін білім жүйесіне мейлінше жоғары сапаға көтеру мақсатында озық елдермен тәжірибе алмасып, еліміздің ғылым мен білім саласында оң нәтижелерге қол жеткізіліп жатқаны да баршаға аян.
Мәселен, Қазақстанның білім саласында 17 жылдан астам уақыт қызмет көрсетіп келе жатқан қазақ-түрік лицейлерінің орны ерекше. Қазіргі таңда білім саласында Қазақстанның қоржынын алтынмен толтырып жатқан қазақ-түрік лицейлерінің шәкірттері. Осы жылдар аралығында лицей оқушылары түрлі білім сайыстарында шашаларына шаң жуытпай, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, Қазақстанның көк байрағын халықаралық дәрежеде жоғарыдан желбіретіп, намысты қолдан бермей келеді.

Қазақ-түрік лицей шәкірттері талай білім додасында алтыннан алқа тақса, күміс пен қоладан да кенде емес. Олар тек лицейлерінің ғана емес, күллі Қазақ елінің, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің жарқын болашағына елеулі үлес қосатын ерендері екенін жыл сайын дәлелдеуде.

2010-2011 оқу жылы қазақ-түрік лицейлері үшін айтарлықтай табысты жыл болды деуге толық негіз бар. Олар қалалық, аудандық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда жоғары көресеткішке қол жеткізіп, оқу жылы аяқталса да Қазақстан елін әлемге паш етіп жатқандығын мақтанышпен айта аламыз.

Сөзіміздің дәлелі ретінде 26-30 маусым аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында GENIUS (PROGECT OLIMPIAD)- Халықаралық биология ғылыми-жоба жарысы болып өтті. Еліміздің намысын қорғауға барған 5 оқушы өз жобаларын ақтық сынға салып, нәтижеде І- алтын, IV- қола жүлдеге ие болып қайтты. Астана Халықаралық «НұрОрда» мектебінің оқушысы Лейла Раманқұлова алтын медальға ие болса, Ақтау қазақ-түрік лицейінің шәкірттері Дайтабаев Ақарыс, Әсер Сырым, Аяпберген Ғалымжан және Есболған Қуандық қола жүлделерін қанжығаларына байлады.

Ал, 9-18 шілде аралығында Түркияның Анкара қаласында (IChO-2011) –Халықаралық химия білім олимпиадасы болып өтті. Онда 78 мемлекеттен 300 оқушы қатысып, Қазақстан құрама командасы І-алтын, І-күміс жүлдеге қол жеткізді. Айта кетерлік жайт, еліміз тәуелсіздік алғалы бері химия пәні бойынша ең алғаш рет алтын жүлдеге қол жеткізіп отыр. Міне, жетістік. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, әлемге тағы бір рет паш еткен Тараз қазақ-түрік ұлдар лицейінің 11 сынып оқушысы Шахизада Абылай алтын жүлдеге ие болса, Астана қазақ-түрік ұлдар лицейінің 11 сынып оқушысы Бекбергенов Мирас күміс жүлдемен оралды.

Сонымен қатар, 11-18 шілде аралығында Тайванның Тайпей қаласында (IBO-2011) биология пәнінен өткен халықаралық олимпиада да Қазақстан құрама командасы І-алтын, ІІ- қола медаль жеңіп алды. Халықаралық биология білім олимпиадасы 1990 жылдан бастап, жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы жылы 60-қа жуық мемлекет қатысып, өз білімдерімен бақ сынасты. Күміс медальды Петропавл қазақ-түрік лицейінің 11 сынып оқушысы Шайхығали Жасұлан ұтып алса, Астана қазақ-түрік қыздар лицейінің 11 сынып оқушысы Нарманова Алтынай және Тараз қазақ-түрік ұлдар лицейінің 11 сынып оқушысы Ернар Тұрсынбай қола медаль иегерлері атанды.

Ал, 10-18 шілде аралығында Тайландтың Бангкок қаласында (IPhO-2011) – Халықаралық физика олимпиадасы болып өтті. Дүниежүзілік физика олимпиадасы 1967 жылдан бастап түрлі мемлекеттің мектеп оқушылары арасында жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы білім сайысына 86 мемлекеттен 420 оқушы қатысып, өз білімдерін ортаға салып, нәтижеде ақтық сыннан сүрінбей өткен Тараз қазақ-түрік ұлдар лицейінің оқушысы Қайсарбек Өмірзахов алтын жүлдеге ие болумен қатар, теориялық бағытта абсолюттік жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Тараз қазақ-түрік ұлдар лицейінің оқушысы Нұржас Айдынов та алтын медальға қол жеткізді.

Осы орайда жеңімпаз Қайсарбек Өмірзахов: «Тайланд еліне түрлі мемлекеттен келген, өз елдерінің бетке тұтар ақылды да білімді жастары жиналды десем, қателеспеймін. Жалпы, білім сайысы өте әділ және қызықты өтті. Сайыс барысында Америка, Тәжікстан, Кувейт және Сингапур елдерінен келген балалармен жақыннан танысып, өзара пікір алмасқанның өзі бір ғанибет болды. Ең алдымен осы сайысқа қатысуға мүмкіншілік жасап беріп отырған, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына, «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорына өз алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, өзім тәлім алған мектебіме, лицей директорымыз Февзи Сатык мырзаға, ұстаздарым Асқар Давлетов, Ернұр Рысмағамбетов, Ясын Иорджы, Айдын Түсіпжанов, Әмірхан Сәулембековтерге алғысым шексіз. Болашақта да бұл жетістікпен тоқтап қалмай, сүйікті лицейіміздің атын әлемге әйгілеп, ұстаздарым мен ата-анамның үмітін ақтап, елімнің елеулі, халқымның қалаулы перзенті болуға барынша тырысатын боламын»,- десе,жеңімпаз Нұржас Айдынов: «Жалпы, бұл олимпиаданың басты мақсаты – Дүние жүзіндегі жастардың білімдерін тексеру болса, менің мақсатым тек олимпиадада жеңіске жетумен шектелмей, өз біліміммен елімнің болашағына үлес қосу. Сол арқылы нағыз тұлға болып жетілу. Лицейде сабақ берген Асқар Давлетов, Ернұр Рысмағамбетов, Ясын Иорджы, Айдын Түсіпжанов және басқа да білікті ұстаздарымнан тәлім алу бақытына ие болғаным үшін дән ризамын. Оларға деген алғысым шексіз. Мемлекетіміз жастардың сапалы білім алуларына мүмкіндік туғызып отыр. Ал, бізге осындай жағдай жасап отырған «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорына, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына өз алғысымды айтамын. Туған еліміздің алдындағы парызымыз бен өтеуіміз – оған қалтқысыз қызмет етіп, бар күш-жігерімізді осы елдің іргесінің нық болып, шаңырағының биіктей түсуіне үлес қосу. Өз басым, әрбір қазақстандықтың жүрек түкпірінде атамекенге деген махаббатпен бірге осындай жауапкершіліктің болуы шарт деп ұғынамын. Осыны түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп, сапалы біліммен қатар, саналы тәрбиені бойымызға сіңірген ұстаздарыма айтар алғысым шексіз»,- деп өз жүрекжарды тілегін білдірді.

Әрбір мемлекеттің болашағы өз мектебінде шыңдалады. «Адам ұрпағымен мың жасайды»,-демекші, болашағы бар ел ғана тарих бетінде ұлт болып жазылмақ! XIX ғасырда ағартушылық-демократтық бағыттың негізін салған Шоқан, Ыбырай, Абайлардың, ұлттың ұстазы болған Ахметтің, жалыны мен жігері жанған Міржақып пен Мағжандардың ұлы мұратын жүзеге асыруға атсалысып жүрген құрметті ұстаздар мен жеңімпаз оқушыларды шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да адалдық пен білім жолын өмірлеріне ту еткен «болашақтың барыстары» көбейе берсін. Оларды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындататын ұлағатты ұстаздар мен зердесі биік білім ордалары көбейе берсін.[b]
Просмотров: 1089 | Добавил: X-ray | Теги: олимпиада 2011, лицей | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]